АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik. migration.enbek.kz порталында ерікті қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Платформа қоныстандыру өңірлеріндегі қабылдау шарттарымен танысуға, сондай-ақ ресми жұмысқа орналасуға сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімін көруге мүмкіндік береді.
«Пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, сол аймақтағы бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге де мүмкіндіктер туралы ақпаратты бірден ала алады», - дейді министрлік.
Порталда сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бүгінде ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында: - Денсаулық сақтау – дәрігерлер, мейіргерлер және өзге де медицина қызметкерлері; - Білім беру – мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері; - Инженерлік-техникалық бағыт – түрлі техникалық мамандық иелері; - Ауыл шаруашылығы – агрономдар, ветеринарлар және салалық мамандар; - Көлік – механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер; - Жұмысшы мамандықтары – электр монтерлері, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар; - Құрылыс – тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер; - Басқару және әлеуметтік сала – бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.
Бұл тізім тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл пайдаланушыларға өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалап, кәсіби дағдылары жоғары сұранысқа ие болатын өңірді таңдауға мүмкіндік береді.
Сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға арналған байланыс деректері туралы мәліметтер де орналастырылған.
Еске салсақ, үкімет биылғы жылға арналған ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарын айқындады.
