Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында көрсетілетін ақшалай қолдаудың көлемі ұлғайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) артты. Бұл қаражатты қатысушылар жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады.
Өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың тек өңір ауыстыруына емес, жаңа жерде жайлы қоныстанып, баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау, – дейді министрлік мамандары.
Бүгінде мемлекеттік қолдау тек тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға түрлі субсидиялар төленеді. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары өтеледі, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар жаңа өңірге көшпей тұрып, жұмыс берушіні таңдау мүмкіндігі қарастырылған.
Бағдарламаға қатысушылардың тізімі де кеңейтілді. Бұған дейін оған негізінен жұмыссыз азаматтар қатысса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады.
Қазіргі таңда бағдарлама толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Өтінім беру, өңірлер картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және қолайлы бос жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан қолжетімді.
Айта кетері, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаға 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының арқасында 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
