Қазақстанда жеңілдетілген ипотеканы бірнеше бағдарламамен алуға болады. Бүгінде ең тиімді шарттарды Отбасы банкі ұсынады. Дегенмен басқа банктерден де қолжетімді баспананы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2 проценттік ипотека кімге беріледі
Бұл ипотеканы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана рәсімдей алады. Олар:
- 01ардагерлер, оларға теңестірілген азаматтар және басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
- 02жетім балалар;
- 03Алтын алқа және Күміс алқа иегерлері;
- 04мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- 05І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдар;
- 06жесір әйелдер (тұл ер адамдар).
Ипотека 20 жылға беріледі. Бірақ 10 процент көлемінде алғашқы жарна салу керек. Ал отбасының орташа табысы әрбір мүшесіне шаққанда соңғы 6 айда 5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2026 жылда – 254 255 теңге) аспауға тиіс.
5 процентпен қалай алуға болады
Әлеуметтік осал топқа кірмейтін және баспана кезегінде тұрған басқа азаматтар осы ипотеканы рәсімдей алады. Дегенмен тұрғын үйдің 70 проценті алдымен осал топтар арасында таратылады, қалғанын рәсімдеп алуға мүмкіндік бар. Отбасы банкі арқылы тура сондай шарттармен 7 проценттік ипотека да беріледі. Екі бағдарлама да 20 жылға есептелген, алғашқы жарна – 10 процент.
Бүгінде баспана кезегінде тұру үшін әлеуметтік осал топқа кіру міндет емес. Кезекке тұрғызу талаптары:
- 01соңғы 5 жыл ішінде республика аумағында тұрғын үйдің болмауы;
- 02жалғыз тұрғын үйдің апатты деп танылуы;
- 03Астана, Алматы, Шымкент қалалары үшін соңғы 3 жыл тұрақты тіркеуде болу қажет.
Айта кетері, бүгінде баспана кезегінде тұрғандардың саны 900 мың адамға жақындады.
Лимитпен берілетін ипотека
Отбасы банкінде лимитпен берілетін ипотекалар бар. Мәселен, жақында әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына екінші траншпен 20 млрд теңге бөлінген болатын. Оны бір күннің ішінде 850 адамға таратып берген.
Бағдарлама шарттары:
- 01пайыздық мөлшерлеме – 14,4% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15,4%-дан 16,4%-ға дейін);
- 02кредит сомасының 50%-ы жиналғаннан кейін мөлшерлеме 3,5–5%-ға дейін төмендейді (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6%-дан бастап);
- 03бастапқы жарна – 15-20%;
- 04кредит сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
- 05кредит мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін.
Баспана бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сонымен қатар бағдарлама аясында тұрғын үйді жөндеуге кредит алуға мүмкіндік бар. Жөндеуге берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеден аспайды. Сол сияқты «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламасымен ипотека лимитпен рәсімделеді.
«Наурыз» ипотекасы
Бағдарлама аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде екінші нарықтан сатып алуға болады. Зайымның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін, қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.
Ипотека шарттары:
- 01алғашқы жарна – 20%;
- 02тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 7%;
- 03азаматтардың барлық санаты үшін несие бойынша мөлшерлеме – 9%;
- 04несие мерзімі – 19 жылға дейін.
«7-20-25» бар ма
Бүгінде банктер ұсынатын ипотекаға тікелей құрылыс компанияларынан және қолданыстағы тұрғын үйлерден баспана сатып алуға болады. Ал ондай ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 20 проценттен асады. Бірақ екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» ипотекасын рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Бағдарлама талаптары:
- 01өтінім берген адамның басқа баспанасы болмауы керек;
- 02ипотека тек жаңадан салынған үйлерге беріледі, құжаты да болуы шарт;
- 03баспананың бағасы шекті сомадан аспауға тиіс (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау мен Шымкентте – 30 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанда – 25 миллион, басқа аймақтарда 20 миллион теңге);
- 047 проценттік ипотеканы бір рет қана алуға болады.
Бұл бағдарлама бойынша келесі жылдың лимиті өзгерген жоқ. Оны тоқсан сайын 25 млрд теңгеден банктер арқылы таратып отырады. Бағдарламаға қатысатын банктер: ЦентрКредит банкі, Freedom Bank, Halyk, RBC Bank, Altyn bank, ForteBank, Еуразиялық банк.
