«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Bloomberg агенттігінің ExxonMobil компаниясының Қашаған жобасындағы үлесі сатылатыны туралы ақпаратын жоққа шығарды. Бұл туралы журналистерге ҚМГ басшысы Асхат Хасенов мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, компания ExxonMobil-дің Қашаған жобасындағы үлесін сату мүмкіндігі туралы ақпаратты растамайды. Сондай-ақ ол америкалық компанияны ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сенімді серіктес деп атады.

ExxonMobil Upstream – мұнай тасымалдауға, соның ішінде Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайды тасымалдауға жауап беретін америкалық ірі мұнай компаниясының бөлімшесі. Қашаған мұнайы негізінен Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы арқылы тасымалданады.

ExxonMobil Қазақстанда Теңіз және Қашаған кен орындарындағы ірі жобаларға қатысады. 2026 жылдың көктемінде компания өкілдері Қашаған жобасын кеңейтуге инвестиция тарту мәселесін талқылады. Бұл инвестиция көлемі 50-70 млрд доллар деңгейінде болады деп болжануда.

Қазір КҚК – Қазақстанның негізгі экспорттық бағыты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы жүйе арқылы жалпы 78,7 млн тонна экспортталған мұнайдың 64,8 млн тоннасы жөнелтілді. Яғни Қазақстанның барлық экспорттық мұнайының 80%-дан астамы КҚК жүйесі арқылы өтеді.

Мұнай секторы Қазақстан бюджетінің негізгі кіріс көздерінің бірі саналады.