Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) экономика мен көлем жағынан теңдесі жоқ, әзірге оған балама табылмайды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Хасеновтің айтуынша, Қазақстанда ірі мұнай сақтау қоймаларын салу өте қымбатқа түседі. Себебі жерасты резервуарларын жасауға қажетті игерілген кен орындары мен тұз күмбездері жоқ.

«Экономика мен көлем жағынан КҚК-ның баламасы жоқ. Бірақ бұл біз басқа нұсқаларды қарастырмаймыз дегенді білдірмейді. Мысалы, «ҚазТрансОйлдың» резервуарлық паркі бүгінде шамамен 1,4 млн текше метрді құрайды және біз оны үнемі ұлғайтып келеміз», – деді Хасенов.

Сондай-ақ отырыста жеті ай ішінде ҚМГ 14,5 млн тонна мұнай өндіргені, ал жоспар 15,3 млн тонна болғаны айтылды. Жоспардың орындалмауына қаңтар айында электр станциясы трансформаторларындағы өрттен кейін Теңіз кен орнында мұнай өндірудің тоқтауы, сондай-ақ Украина ұшқышсыз ұшақтарының консорциум инфрақұрылымы мен танкерлерге жасаған шабуылдарына байланысты КҚК жұмысының іркілуі себеп болған.

КҚК құбыры арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының 80%-ы айдалады.