Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың Агенттік атынан жалған ресми хаттар таратуы әлі де жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттікке осындай жалған хат таратудың тағы бір дерегі туралы ақпарат келіп түсті. Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.
Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған.
«Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған», — дейді агенттікте.
ҚМА ескертулері
Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді:
- 01Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады;
- 02ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді;
- 03құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайды;
- 04күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз.
Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректеріңізді бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармау керек.
ҚМА азаматтар мен ұйымдарды сақ болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырады.
