Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың 22 шілдесіндегі жағдай бойынша есепті аптада бірқатар өнімнің бағасы төмендеген. Бағасы ең көп төмендеген өнім – қияр, оның бағасы 4,3%-ға арзандады.
Сонымен қатар қырыққабат (1,5%), картоп (1,4%), қызанақ (0,8%), алма (0,7%), пияз (0,4%), сүзбе (0,3%), күріш, қарақұмық жармасы, қатты және жартылай қатты ірімшік, тұз (0,1%) бойынша бағалардың төмендеуі байқалды.
Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан дайындалған нан, сүт (пастерленген, ультрапастерленген, 2,2%-дан 6%-ға дейінгі майлылықтағы стерильденген сүт), қаймақ және сары май бағасы өзгеріссіз қалды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 502 теңгені құрады. Ең төмен баға Таразда тіркелді – килограмы 339 теңге.
Тазартылған күріштің орташа республикалық бағасы килограмына 533 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Қызылордада – 456 теңге және Ақтауда – 472 теңге болды.
Еліміз бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 283 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – килограмы 218 теңге.
Республика бойынша I санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңгені құрады. Ең төмен бағалар Қызылордада (464 теңге) және Оралда (471 теңге) байқалды.
Ет өнімдері бойынша республикадағы орташа бағалар: сүйекті сиыр еті – килограмына 3 775 теңге, тауық еті – килограмына 1 758 теңге.
