Қазақстан хоккей федерациясы (ҚХФ) Ресей құрамасына бойкот жариялауды қолдайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан шетелдік әлеуметтік желілерде бірнеше тілде тараған мәлімдеменің жалған екені анықталды. Жалған жазбалар X (Twitter) және Bluesky желілерінде орыс, чех және ағылшын тілдерінде жарияланған.

Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Рүстем Ибраев бұл ақпаратты ресми түрде теріске шығарды.

Федерацияның мәлімдеуінше, ұлттық құрамаларды әлем чемпионатына қатыстыру мәселесін тек Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) шешеді.

«Біздің ұстанымымыз бойынша, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуына рұқсат беру және әлем чемпионаттарына қатысушылар құрамын айқындау мәселелері Халықаралық хоккей федерациясының айрықша құзыретіне жатады. Мұндай шешімдер тиісті сот органдарының ұстанымы мен қолданыстағы халықаралық спорт нормалары ескеріле отырып қабылдануға тиіс», - деді федерация.

Қазақстан хоккей федерациясы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, спорттағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және барлық қатысушы үшін тең жағдай қалыптастыру қағидаттарын тұрақты түрде қолдайды, делінген хабарламада.

Бұған дейін желіде спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан үш тілде жалған мәлімдеме тараған.