«ҚазМұнайГаз» компаниясы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте болды. Салдарынан 14 адам қаза болды, тағы үшеуі құтқарылды.

Компания қаза болғандардың арасында «Өзенмұнайсервис» ЖШС қызметкерінің ұлы болғанын жеткізді.

«Қайғылы оқиға салдарынан қаза болған сарбаздардың арасында әріптесіміз, „Өзенмұнайсервис“ ЖШС жұмысшысы Болатбек Шалабаевтың баласы Мадихан Азамат Болатбекұлының болғанын зор күйзеліспен хабарлаймыз», — деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі хабар-ошарсыз кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылғанын хабарлаған еді.

Бас прокуратура әскери қызметшілердің қазасына байланысты күдіктілерді анықтады. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.