30 шілдеде Алматы қаласында, сондай-ақ түнгі уақытта Астана және Қостанай қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің түсіндіруінше, ҚМЖ тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның тіркесуі кезінде пайда болады. Мұндай жағдайларда ластаушы заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналады, бұл ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, ылғалдылық, ауа температурасы және жауын-шашынның болуы да әсер етеді.

ҚМЖ кезеңдерінде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артады. Әсіресе тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйелерінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ аллергиямен ауыратындар сақ болуы керек.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендерден бас тартуға кеңес беріледі.

Созылмалы аурулары бар адамдарға дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алып жүру қажет. Ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеу және мүмкіндігінше сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыру ұсынылады.

Бұған дейін «Курсив» Қазгидрометтің болжамы бойынша елдің басым бөлігінде найзағайлы жаңбыр күтілетінін, кей жерлерде қатты нөсер жаууы мүмкін екенін, бұршақ пен қатты жел соғуы ықтимал екенін жазған болатын. Сонымен қатар оңтүстікте шілдедегі ыстық сақталады, ал кейбір аймақтарда температура +44 градусқа дейін көтеріледі.