Астанада Қазақ тазының асыл тұқымды қасиеттерін бағалауға арналған моно тұқымды иттер көрмесі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Моно тұқымдық көрме барлық ит тұқымдары қатысатын халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге таныстыруға мүмкіндік берді.

Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтіп, олардың тұқымдық ерекшелігі мен белгіленген стандарт талаптарына сәйкестігі қаралды.

Көрменің тағы бір бағыты тұқымдық байқау болды. Мұнда иттердің тұқымдық сапалары бағаланып, талаптарға сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі "Иттің шығу тегі туралы" куәлік берілді, дейді Астана қаласының әкімдігі.

Бұл құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның шығу тегі туралы нақты мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты тек көрмеде үздік иттерді анықтау емес, қазақы тазыларды жүйелі түрде асылдандыру екенін атап өтті.