Қазақстанда «Ұлттық қолөнер мектебі» республикалық жобасының нәтижесі жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ашық конкурсқа барлық өңірден 330 өтінім келіп түсті. Техникалық сараптама кезінде қайталанған өтінімдер алынып тасталғаннан кейін конкурстық комиссия 271 өтінімді қарады. Іріктеу қорытындысы бойынша үздік 10 қолөнер шебері анықталды.
«Олар жуырда Астанадағы Qazaq Creative Hub базасында білім беру бағдарламасын бастайды. Шеберлер 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастарға ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретеді», - дейді министрлік мамандары.
Конкурсқа ең көп өтінім оңтүстік өңірлерден түскен. Олардың саны 137-ге жетті және барлық өтінімнің тең жартысын құрайды. Конкурстық бағыттардың ішінде дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басу ісі, сәндік-қолданбалы өнер, этнодекор, зергерлік өнер, ұлттық киімдер мен аксессуарлар бар.
