QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі Азияның үздік университеттерінің рейтингін жариялады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық орнын сақтап, үш университеті QS Asia University Rankings 2027 рейтингінің алғашқы жүздігіне енген өңірдегі жалғыз мемлекет атанды.
Рейтингке Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет енді. Рейтингке енгізілген жоғары оқу орындарының саны бойынша Қазақстан Азияда 10-орынға тұрақтады.
Соңғы үш жылда рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны 34-тен 51-ге дейін артты. Оның ішінде жеті жоғары оқу орны рейтингке алғаш рет енді.
Азияның үздік 100 университетінің қатарына Қазақстанның үш жоғары оқу орны кірді:
- 01Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;
- 02Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;
- 03Satbayev University – 89-орын.
Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартқан университеттердің бірі – NU. Университет 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға ие болды. Осылайша, рейтингке екінші жыл қатарынан қатысып отырған оқу орны Азияның үздік 200 университетінің қатарына енді.
Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өз көрсеткішін 64 сатыға жақсартып, 618-орынға көтерілді.
QS Asia University Rankings – QS Quacquarelli Symonds агенттігі әзірлейтін Азия университеттерінің халықаралық рейтингі. Жоғары оқу орындары академиялық беделі, түлектерінің жұмыс берушілер арасындағы сұранысы, білім беру ортасының сапасы, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігі, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық деңгейін қамтитын 11 индикатор бойынша бағаланады.
