18 қазанда Алматы мен Қазақстанның тағы сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің деректері бойынша, ҚМЖ Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында болжамдалады.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның қосылуынан туындайды. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер беті қабатында жинақталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы дене белсенділігін шектеуді және мүмкіндігінше сабақтарды жабық ғимараттарға көшіруді ұсынады.