14 қазанда Алматы мен Қазақстанның тағы сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, ҚМЖ Ақтөбе, Алматы, Балқаш, Жезқазған және Көкшетау қалаларында, ал түнде Астана, Қарағанды, Қостанай және Теміртауда болжанады.

ҚМЖ дегеніміз не

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның қосылуынан туындайды. Соның салдарынан ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жинақталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне не әсер етеді

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға ұсыныстар

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқартуға кеңес беріледі. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүруге кеңес беріледі. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық үй-жайларға көшіру ұсынылады.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның 16 облысында 14 қазанға дауылды ескертулер жарияланғанын жазған болатын.