Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шоты үш жылда алғаш рет профицитке шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның ағымдағы шотына шетелден түскен қаражат шетелге төленген төлемдерден асып, 2,4 млрд доллар профицит қалыптасты. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 1,6%-ына тең.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ағымдағы шоттың тапшылығы 13,1 млрд долларды құраған. Жағдайдың жақсаруына экспорт өсімінің импорт өсімінен озып кетуі негізгі фактор болды.
Ағымдағы шоттың профициті нені білдіреді?
Төлем балансының ағымдағы шоты елдің сыртқы экономикалық операцияларын, соның ішінде тауарлар мен қызметтер саудасын, сондай-ақ кірістер мен ағымдағы трансферттердің қозғалысын көрсетеді. Профицит ағымдағы операциялар бойынша түсімдердің шетелге төленетін төлемдерден асып түсетінін білдіреді. Бұл экономиканың сыртқы қаржыландыруға деген қажеттілігін азайтады.
Төлем балансының динамикасы
2016-2025 жылдар аралығында Қазақстанның ағымдағы шоты он жылдың тоғызында тапшылықпен қалыптасты. Орташа тапшылық ЖІӨ-нің шамамен 2,7%-ын құрады. Тауарлар саудасы жыл сайын профицитті қамтамасыз еткенімен, оның едәуір бөлігі шетелдік инвесторларға төленетін кірістермен өтеліп отырды.
Ағымдағы шоттың көрсеткіштері жылдар бойынша мынадай болды:
- 012022 жыл: 6,4 млрд доллар профицит;
- 022023 жыл: 8,3 млрд доллар тапшылық;
- 032024 жыл: 6,8 млрд доллар тапшылық;
- 042025 жыл: 13,1 млрд доллар тапшылық.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ағымдағы шоттың сальдосы шамамен 6 млрд долларға жақсарды. Бір жыл бұрынғы 3,6 млрд доллар тапшылықтың орнына 2,4 млрд доллар профицит қалыптасты. Негізгі жақсарту екінші тоқсанға тиесілі болды. Осы кезеңде профицит 3,2 млрд долларды құрады.
