13 қазанда Алматы мен Қазақстанның тағы жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Синоптиктердің деректері бойынша, ҚМЖ Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Ақтөбе қалаларында, ал түнде Оралда болжанады.

ҚМЖ қалай пайда болады

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның қосылуынан туындайды. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жинақталып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.

Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне әсер ететін факторлар

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.

Тұрғындарға ұсыныстар

Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі.

Тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өздерімен бірге алып жүру ұсынылады. Ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық ғимараттарға көшіруге кеңес беріледі.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның 17 облысында 13 қазанға дауылды ескерту жарияланғанын жазған болатын.