Қазақстанның табиғатты қалпына келтіру бағытындағы еңбегі халықаралық деңгейде мойындалды. Иле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тоғайлы ормандарды қалпына келтіру тәжірибесі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жариялаған «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экология министрлігінің мәліметінше, қазақстандық жоба әлемнің әртүрлі елдерінен іріктелген ормандар мен табиғи ландшафттарды қалпына келтірудің 18 нәтижелі тәжірибесінің бірі ретінде ұсынылды.

«Бұл — жай ғана ағаш отырғызу емес, тұтас экожүйені қайта жаңғырту. Жоба аясында торанғының генетикалық қорын сақтау, тұқым жинау, көшеттерді ғылыми әдістермен көбейту және табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді министрлік.

Ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялар ұштасқан бұл бастама аясында 100 мың торанғы тұқымын сақтауға арналған криобанк қалыптастыру жұмыстары да жүзеге асырылып келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан WWF және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді.