Курчатов пен Балқашта терроризмге қарсы оқу-жаттығулар өткізіледі, деп хабарлады Абай және Қарағанды облыстарының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Курчатовта оқу-жаттығу 26 маусымда сағат 08:00-ге жоспарланған. Оны қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб өткізеді. Іс-шараның мақсаты – құқық қорғау және арнайы органдар күштері мен құралдарының ықтимал террористік қауіп-қатерлерге әрекет етуге дайындығын тексеру. Оқу-жаттығу өткізілетін нысандар ауданында шектеу шаралары қарастырылған.

Балқашта терроризмге қарсы оқу-жаттығу 25 маусымда сағат 22:00-ден 02:00-ге дейін №12 мектеп аумағында өтеді. Осы уақытта қалада автокөлік қозғалысы мен азаматтардың жүріп-тұруына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Ұйымдастырушылар тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда бес елдің ірі әскери жиындары басталғаны туралы хабарлаған болатын.