Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізаты мен оны өңдеу арқылы алынатын өнімдердің экспортын ұлғайтып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсіресе, жекелеген тауар түрлері бойынша экспорт өсімі жалпы экспорттың өсу қарқынынан едәуір жоғары. Оның ішінде ерекше атап өтерлігі – күнбағыс майы.
Қаңтар–тамыз айларында экспорттық түсім 48,5%-ға өсіп, 672,8 млн АҚШ долларына жетті. Ал өнім көлемі 35,9%-ға ұлғайып, 611,4 мың тоннаны құрады.
«Өткен жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі үздік алты елдің қатарына еніп, Қытай нарығына жеткізушілер арасында екінші орынға шықты. Сондай-ақ күнбағыс күнжарасын экспорттау бойынша Еуропалық одақ пен Қытайға өнім жеткізетін үш ірі елдің қатарына қосылды», – дейді министрлік.
Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азия елдерінің осы өнімге деген сұранысының едәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр.
Бидай экспорты да 26,5%-ға артып, 1,25 млрд АҚШ долларына жеткен. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,8%-ға жоғары.
«Жалпы, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын жемшөп өнімдерінің экспорты 1,65 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы үш аталым бойынша экспорттық түсім 48%-ға артты», – делінген хабарламада.
Бұл Қазақстан экспортының құрылымы біртіндеп өзгеріп, қосылған құны жоғары өңделген өнімдердің үлесі артып келе жатқанының айқын дәлелі. Яғни еліміз ауыл шаруашылығы шикізатын сыртқа сатумен ғана шектелмей, дайын өнімге айналдырып, халықаралық нарықтағы орнын нығайта түсті.
