Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2024 халықаралық жарысында жеңімпаз атанған қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл додада еліміздің қос командасы үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Беделді турнирде Kazakhstan C командасы абсолютті чемпион атанып, бас жүлдені иеленсе, Kazakhstan A командасы жалпы есепте екінші орынға табан тіреді.
«Мемлекет басшысы жеңімпаз құраманың Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінен жасақталғанын атап өтті. Президент олардың кәсіби, физикалық, жауынгерлік даярлығы мен отаншыл рухының жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ сарбаздардың жеңіске деген зор ерік-жігерін ерекше бағалады.»
—
Сонымен қатар, Тоқаев 48 елден 109 команда бақ сынаған жарыста үздік өнер көрсеткен арнайы жасақ жауынгерлеріне лайықты құрмет көрсетілетініне уәде берді.
Фото: Әлеуметтік желіден
