Қазақстанға жеткізілген жолбарыс Үміт алғашқы 10 күнінде қасқыр мен жабайы қабан аулаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жолбарыстың алғашқы 10 күндегі тіршілігі мамандардың тұрақты бақылауында болды. Мамандар GPS-қарғыбау арқылы оның қозғалысын бақылап, жүрген аумақтарына далалық тексеру жүргізіп жатыр.

Мониторинг нәтижесінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны анықталды. Жолбарыс қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенген. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.

Мамандардың айтуынша, бұл Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанын көрсететін маңызды белгі. Қазір жолбарыстың қозғалысы күн сайын қадағаланып, оның табиғи ортаға бейімделу барысы зерттеліп жатыр.