Қазақстан Ресей азаматтарынан елге кіруге арналған электронды рұқсат үшін ақы алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы РИА Новости агенттігіне Ресей СІМ ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерник мәлімдеді.
"Бұл мәселе бойынша қазақстандық әріптестерімізден ешқандай хабарлама алған жоқпыз, әзірге бұл туралы ресми мәлімдемелерді де көрмедік", – деді дипломат.
Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логинов Қазақстан СІМ-не сілтеме жасап, ресейліктер үшін электронды рұқсат беру жүйесі әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтқан. Қазір оны алу міндетті емес және ақы алынбайды.
Еске сала кетейік, 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізуді көздейтін құжатқа қол қойды.
Қазіргі уақытта шетелдіктердің елге кіруіне арналған QazETA электронды рұқсат жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала жоспар бойынша, жүйе 1 қарашадан бастап халықаралық әуе рейстерімен келетін жолаушылар үшін, 15 қарашадан бастап ЕАЭО-ға кірмейтін елдермен шекарадағы автомобиль өткізу пункттері арқылы келетіндер үшін міндетті болады. 30 қарашадан бастап талап ЕАЭО елдерімен шекарадағы автомобиль өткізу пункттеріне, ал 15 желтоқсаннан бастап пойызбен және теңіз порттары арқылы келетін жолаушыларға қолданылады.
