Қазақстанға келетін тревел-блогерлерге бюджеттен ақша төленбейді. Бұл туралы "Kazakh Tourism" АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов үкіметте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Қазақстанға туристерді көптеп тарту мақсатында шетелдік тревел-блогерлер бірнеше рет шақырылған болатын. Алайда, Ғазизовтың айтуынша, "Kazakh Tourism-де блогерлермен жұмыс істеуге арналған бөлек бюджет жоқ. Қазақстанға шақырылған тревел-блогерлердің посттарына ақша төленбейді, оған бөлек ақша бөлініп отырған жоқ".
Компания блогерлермен "серіктестік айырбас" моделі негізінде жұмыс істейді. Ғазизов түсіндіргендей, "бізде әріптестердің пулы бар. Оған қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік операторлар, әуе компаниялары кіреді. Олар бір жағынан елге көмектеседі, бір жағынан танымал блогерлер арқылы өздерін жарнамалайды. Біз өзімізді қызықтыратын нарықтардан, мысалы, АҚШ, Еуропа мен Қытайдан блогерлерді шақырамыз. Ондайда кейбір әуе компаниялары айырбас негізінде ол блогерлерді тегін әкелуге келіседі. Осылай барлығымен жұмыс істейміз".
