Қазақстандықтардың шамамен әрбір үшіншісі жерлеу рәсімін өткізу үшін қарыз немесе кредит алуға мәжбүр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш 2023 жылдан бері өзгермеген. Әсіресе жақын адамын жерлеу үшін қарызға бататындардың арасында егде жастағы адамдар көп. Олардың үлесі 41,2%-ды құрайды.
Салттық қызметтердің құны бір жыл ішінде 3,5 есеге өскен. 2024 жылы бұл қызметтердің көлемі 6,4 млрд теңге болса, былтыр 22,2 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда қазақстандықтардың жерлеу және еске алу рәсімдеріне жұмсайтын жалпы шығыны 22,2 млрд теңгеден әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Себебі бұл статистикаға тек марқұмның туыстары салттық қызмет көрсететін компанияларға мәйітті тасымалдау, қабір қазу және жерлеу орнын ұйымдастыру үшін төлейтін қаражат кіреді. Асханалар мен кафелердегі еске алу шараларына жұмсалатын шығындар бұл санатқа енгізілмейді.
Жерлеу, еске алу және ас беру рәсімдерінің құны өңірлерге қарай әртүрлі. Мәселен, Ақтөбе облысында 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында салттық қызметтер 20%-ға қымбаттаған. Ал Абай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астанада баға өзгермеген.
Қазақстандық БАҚ-тың салалық шолуларына сәйкес, биыл еліміздің ірі қалаларында стандартты жерлеу рәсімінің құны 250 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жеткен. Кей жағдайда шығын бұдан да жоғары болуы мүмкін.
