Оқу-ағарту министрлігі білім беру туралы заңдағы өзгерістің күшіне енгенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан колледждеріне білім беру процесінен тыс уақытта дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандарын жалға беру құқығы берілді. Вице-министр Шынар Ақпарованың айтуынша, бұған дейін мұндай мүмкіндік тек жалпы орта білім беру ұйымдарында болған.

"Енді колледждердің спорт залдары, бассейндері, стадиондары және өзге де спорт нысандары оқу сабақтары аяқталғаннан кейін елді мекен тұрғындарының пайдалануына ұсынылатын болады", - дейді Ақпарова.

Ал жалға беруден түсетін кірістерді колледждер спорт нысандарын күтіп-ұстауға және жөндеуге, заманауи спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны дамытуға жұмсай алады.