2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қазақстандықтар киім, мата және аяқ киімге жан басына шаққанда орта есеппен 136,9 мың теңге жұмсаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға көп. Energyprom.kz деректеріне сәйкес, он жыл ішінде осы тауарларға жұмсалған шығын 79,6 мың теңгеден 136,9 мың теңгеге дейін өсіп, 72%-ға артқан.
Алайда киім, мата және аяқ киімге жұмсалатын шығындардың жалпы тұтыну шығындарындағы үлесі 10,5%-дан 6,7%-ға дейін төмендеген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 76,1 мың теңгеге дейін азайған.
Өңірлер бойынша шығындар
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында киімге, матаға және аяқ киімге ең көп шығын жұмсаған өңірлердің көшін Түркістан облысы бастады. Мұнда жан басына шаққандағы шығын 236,8 мың теңгені құраған. Одан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы – 211,8 мың теңге және Шымкент қаласы – 205,5 мың теңге.
Ең аз шығын Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген.
Отандық киім өндірісі өсті
Қазақстанда киім өндірісі де артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық кәсіпорындар 54,2 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.
Соған қарамастан, елдегі киім мен аяқ киімге деген сұраныстың басым бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша сыртқы трикотаж киімге деген сұраныстың 98,6%-ын шетелдік өнім өтеген.
Импорттың үлесі басқа тауар санаттарында да жоғары. Атап айтқанда, спорттық, шаңғы және шомылу киімдері мен өзге де киім түрлерінің 91%-ы, кеудеге арналған киімдер мен аксессуарлардың 89,8%-ы, іш киімдердің 88,8%-ы және шұлықтардың 83,7%-ы шетелден жеткізілген.
