Қазақстанда кітап оқуға қызығушылық артып келеді. Биыл оқырмандар 88,9 млн кітап оқыды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кейінгі бір жылда көпшілік кітапханаларынан оқырмандарға 88,9 млн басылым берілген. Оның 53,4 миллионы немесе 60,1%-і қазақ тіліндегі әдебиеттер болды.

Министрлікте: "Бір жыл ішінде көпшілік кітапханаларына 906,5 мың жаңа басылым түсті, оның 662,3 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар. Қазақстандағы кітапханаларда қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 млн данаға жетті. Бұл – жалпы кітапхана қорының 41,7 пайызы", - деп атап өтті.

Әсіресе көркем әдебиетке деген сұраныс жоғары. Оқырмандардың басым көпшілігі жастар мен балалар. Министрлік мәліметінше, олардың арасында 15 жасқа дейінгі 1,75 млн бала мен 1,38 млн жас бар. Ересек оқырмандардың саны 2,4 млн адамды құрайды.

Өңірлер бойынша ең көп оқитындар – павлодарлықтар. Қазақстан бойынша оқырмандардың 47%-і осында тұрады. Одан кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстары тұр.