Ішкі істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Екі елдің ішкі істер министрліктері арасындағы меморандум 25 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжаттың негізгі мақсаты – Қазақстан мен БАӘ аумағында жүргізуші куәліктерін пайдалану және айырбастау кезінде артық рәсімдерді азайту.

Меморандум екі жағдайды қамтиды. Біріншісі – туристік, іскерлік немесе жеке сапарлар. Мұндай жағдайда Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінде жарамды қазақстандық жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады.

Екінші жағдай – тұрақты немесе ұзақ мерзімді тұру. Егер Қазақстан азаматы БАӘ-де тұруға ықтиярхат алса, жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастай алады. Алайда бұл жеңілдік тек жеңіл автокөлік жүргізушілеріне қатысты.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін қажетті құжаттар: тұруға ықтиярхат; В немесе В1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі; жүргізуші куәлігінің қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне ресми аудармасы; медициналық тексеруден өткені туралы анықтама.

Ал автобус, жүк көлігі және өзге де санаттар бойынша жүргізуші куәліктерін айырбастау мәселесі қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаралады.