Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық спортшылар С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак құрамаларымен кездесіп, екінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. 1/8 финалда отандастарымыз Польша құрамасын 3:0 есебімен сенімді жеңсе, ширек финалда Руанда құрамасын да 3:0 есебімен ұтты.
Ал жартылай финалда әлемнің ең мықты командаларының бірі – Ираннан 0:3 есебімен жеңілді. Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилияны 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Айта кетері, волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты 10–17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Әлемдік додаға 16 ұлттық құрама қатысты.
