Қазақстандық тауарларды ірі шетелдік сауда желілеріне шығару жоспары жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев үкімет отырысында отандық өнімдерді әлемдік нарыққа ілгерілету бойынша жаңа қолдау шараларын ұсынды. Биылғы бес айда шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,5 пайызға артып, 11,8 миллиард АҚШ долларына жеткенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілген тауарлардың шамамен 44 пайызы экспортқа жіберіледі. Министрдің айтуынша, келесі кезең – дайын өнімді сыртқы нарыққа шығару. Ол үшін отандық өнімді Lulu Hypermarket, Carrefour, Gross, Panda, Spinneys және басқа да ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру жөніндегі жаңа қолдау шарасы пысықталуда.
Экспортты арттыру кезінде алдымен Еуразиялық Экономикалық Одақ, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Қытай елдеріне басымдық беріледі.
