Қытайда өтіп жатқан мергендік атудан Әлем кубогының үшінші кезеңімен қатар, стендтік атудан Әлем кубогының төртінші кезеңі де өтуде. Алғашқы медальдар жиынтығы скитте (дөңгелек стенд) сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар ерлер де, әйелдер де финалға шыға алмады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық әйелдер арасында ең үздік нәтижені Адель Садакбаева көрсетті. Ол 125 нысананың 116-сын дәл көздеп, 48 қатысушының арасында 16-орынға ие болды. Шешуші раундқа шығу үшін спортшыға үш дәл ату жетіспеді – соңғы финалист квалификацияны 119 ұпаймен аяқтады.

Асем Орынбай 115 нысананы дәл көздеп, 18-орынға тұрақтады. Зоя Пискун 110 ұпаймен 29-орында. Ольга Хаилова тек рейтингтік ұпайлар үшін өнер көрсетіп, 109 ұпаймен 35-орынды иеленді.

Ерлер арасында қазақстандықтардан ең жоғары нәтижені Давид Почивалов көрсетті. Ол 113 ұпай жинап, 64-орынға ие болды. Финалдық сегіздікке ену үшін кемінде 121 нысананы дәл көздеу қажет болды.

Артем Седельников 110 ұпаймен 72-орында квалификацияны аяқтады. Ратмир Еникеев 109 нысананы дәл көздеп, 77-орынға ие болды.

Илья Пеньков пен Максим Почивалов тек рейтингтік ұпайлар үшін күресті. Олар тиісінше 111 және 107 ұпай жинап, 71-ші және 80-ші орындарды иеленді. Ерлер квалификациясына барлығы 87 спортшы қатысты.

Стендтік атудан Әлем кубогының төртінші кезеңі Қытайдың Ханчжоу қаласында 20-29 шілде аралығында өтуде. Оған 61 елден 686 спортшы қатысуда. Барлығы бес медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасынан 18 спортшы өнер көрсетуде.

Стендтік атудан Әлем кубогының Италияда өткен алдыңғы кезеңінде Асем Орынбай мен Александр Мухамедиев скит финалына шығып, тиісінше жетінші және сегізінші орындарды иеленген болатын. Маусымның Алматыда өткен екінші кезеңінде Орынбай алтын медаль жеңіп алды.