Қазақстан спортшысы Олжас Дюсупов садақ атудан әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

30 қазан мен 4 қараша аралығында Корея Республикасының Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионаты өтті. Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды, деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Ұлттық құраманың қоржынында 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Олжас Дюсупов әлемдік додада командалық есепте 30, 60 және 90 метр қашықтарда үш алтын медаль жеңіп алып, үздік нәтиже көрсетті.

Бұл – садақшының халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі емес. Оның еншісінде халықаралық жарыстарда қол жеткізген көптеген жетістік бар, дейді әкімдікте.