Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO 2026) Қазақстан құрамасы 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық құраманың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды: - Алтын медаль иегері - Өскемен қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Женісханова Айзере; - Күміс медаль иегерлері - Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Қали Әбілмансұр, Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Полетаев Данил, Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Жақсылықов Ансар.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысқан. Қатысушылар теориялық және практикалық екі бес сағаттық кезеңде күрделі химиялық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындады.
Қазақстан бұл олимпиадаға 1998 жылдан бері қатысып келеді және жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биылғы жетістік - дарынды оқушыларды қолдау, олимпиадалық қозғалысты жүйелі дамыту және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі, делінген хабарламада.
Айта кетері, бұған дейін Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы ел тарихында тұңғыш рет бес алтын медаль жеңіп алған болатын.
