Ташкент қаласында 92 елден 375 оқушы қатысқан Информатикадан халықаралық IOI 2026 олимпиадасы аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық құрама 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алып, әлемдік командалық есепте 10-орынға ие болды. Бұл - Қазақстан құрамасының олимпиада тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі.

Астана қаласындағы "Spectrum" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді. Осылайша ол әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.

Күміс медаль иегерлері: - Алдияр Сейтбай - Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған "Білім-инновация" мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы; - Мансур Мамадахунов - Қызылорда облысындағы дарынды балаларға арналған "Білім-инновация" мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы; - Асқар Әкежан - Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы.