Қазақстандық кәсіби StarCraft II ойыншысы Адлет Сатыбалдин, Lightweight лақап атымен танымал, Украина Қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының War and sanctions базасына енгізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сатыбалдин 3D!Clan командасының намысын қорғайды. Оның базаға енгізілуіне ресейлік әскери операцияны ашық қолдауы себеп болған. Сонымен қатар, оған 2022 жылдың қаңтарындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қазақстанға көмектескені үшін Владимир Путинге алғыс білдіргені жайлы айып тағылады.

Сатыбалдиннің өзі бұл жағдайға әзірге пікір білдірген жоқ.

ГУР порталындағы War and sanctions бөлімінің «Мы идентифицируем цели» деген қосымша тақырыбы бар. Онда Ресей мен басқа елдерден келген 254 спортшы, жаттықтырушы және функционер туралы деректер жинақталған. Ресурс авторлары бұл адамдарды жарыстардан шеттетуге және федерациялардан шығаруға шақырады.

Базада түрлі пәндер ұсынылған. Киберспорт бойынша оған алты спортшы (бес ресейлік және бір қазақстандық) және алты функционер енгізілген.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Игр будущего — 2026» ойындарын ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін алғыс білдірген болатын.