Қазақстандық ғалымдар сауын түйелерге арналған жусан негізіндегі биологиялық белсенді қоспасы бар алғашқы отандық экструзияланған құрама жемді әзірледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген бұл өнімнің елімізде баламасы жоқ және оның тиімділігі ғылыми зерттеулер барысында дәлелденді.
Төрт апта бойы жүргізілген бақылау нәтижесінде тәжірибелік топтағы жануарлардың орташа тәуліктік сүт сауымы бір басқа шаққанда 100 мл-ге артқаны анықталды. Сонымен қатар сүттің сапалық көрсеткіштері де жақсарды: майлылығы 1,92%-ға, ақуыз мөлшері 1,52%-ға, ал майсыз құрғақ сүт қалдығының (СОМО) үлесі 0,91%-ға өсті.
Әзірлеменің басты ерекшелігі – Қазақстан аумағында кең таралған жусан өсімдігі негізінде дайындалған биологиялық белсенді қоспаны пайдалану. Бұл әзірлеме әсіресе құрғақ климат жағдайындағы өңірлер үшін өзекті, себебі түйе шаруашылығы мұндай аймақтарда мал шаруашылығының ең төзімді әрі болашағы зор бағыттарының бірі болып саналады.
Министрлікте атап өткендей, жаңа құрама жемді өндіріске енгізу түйе сүтін өндіру тиімділігін арттыруға және жем өндірісінде отандық өсімдік шикізатын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
