Отандық «No Good In Sight: A Story» фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Режиссер Әліби Мұқышевтің «No Good In Sight: A Story» фильмі алғаш рет 16 маусымда Шанхайда көрермен назарына ұсынылып, Қазақстанның атын Азиядағы беделді кинофестивальдердің бірінде танытады.

«No Good In Sight: A Story» («Еш жақсылығы жоқ оқиға») – Әліби Мұқышевтің тұңғыш толықметражды фильмі. Туындының түсірілімі 2023 жылы басталған.

Туынды әке мен бала арасындағы қарым-қатынас идеясы төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлер тағдыры арқылы отбасының адам өміріндегі орны, өткеннің ізі мен өмірлік тәжірибенің тұлға болмысына әсері көркем түрде бейнеленеді. Фильм жалғыздық, сағыныш, жауапкершілік пен ар тақырыптарын қозғай отырып, адам жанының терең қатпарларына үңіледі. Сондай-ақ көрерменді отбасының қадірі, тағдыр таңдауы және жан тыныштығын табудың маңызы туралы ойға жетелейді, - деп жазылған хабарламада.