Айдос Усенов пен Руслан Ахметов Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан юношелік (U19) бокс әлем чемпионатында өздерінің алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
55 кг салмақ дәрежесінде Усенов 1/16 финалда румыниялық Разван-Ионут Панаинтемен кездесті. Қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен – 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ширек финалға шығу үшін ол кубалық Иверсон Акостамен жұдырықтасады.
85 кг салмақта өнер көрсететін Ахметов та 5:0 есебімен болгар Николай Ивановты жеңді. 1/8 финалда Ахметов ресейлік Кирилл Коршаковпен кездеседі.
Бұған дейін әлем чемпионатында алғашқы жеңістерін Владислав Саможонов, Ақжүрек Қалабай және Айсұлу Мұхит жазып алған болатын.
Юношелік (U19) әлем чемпионаты Будвада 16-27 қазан аралығында өтеді. Турнирге 474 спортшы қатысып, олар он ерлер және он әйелдер салмақ дәрежелеріндегі наградаларды сарапқа салады. Қазақстан құрамасы 20 боксшыдан тұратын толық құраммен ұсынылған.
Ерлер құрамасы U19 шілде айында Джакартада өткен Азия чемпионатында сегіз медаль жеңіп алды – екі алтын, төрт күміс және екі қола. Чемпион атанғандар: Бибарыс Аширбай (70 кг) және Владислав Саможонов (+90 кг).
Әйелдер құрамасы U19 алты награда жеңіп алды – үш алтын және үш қола. Алтын медальдарды Камила Оспанова (70 кг), Айдана Убайдуллақызы (80 кг) және Зарина Толыбай (+80 кг) иеленді.
