Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты шара барысында жаттықтырушы-кеңесші Седрик Пол Р. Таймансқа "Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісі табысталды. Мейрлан Баймаханбетов, Талғат Тұрсынов, Сұлтан Өтешов, Бағдат Ерғазы, Алтынбек Сұпығалиев және Алмас Несіпберлинов "Спорт саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Командалық жарыста жеңіске жеткені үшін аға жаттықтырушы Мейрлан Баймаханбетовке арнайы сыйақы берілді. Ал спортшыларға алғыс хатпен бірге ақшалай сыйлықтар да табысталды.
Атап айтқанда, алтын медаль үшін 3 млн теңге, күміске – 1,5 млн теңге, ал қола үшін 1 млн теңге қарастырылған.
Айта кетері, Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған болатын. Оларды мемлекет басшысы да құттықтады.
