Қазақстан азаматшасы Әдия Алмабек Түркияның Анталия қаласында қаза болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол 15 маусымда жол апатынан қаза тапқан. Қазақстанның Антальядағы Бас консулдығы құжаттарды ресімдеуге көмектесті. Жергілікті органдарымен өзара іс-қимыл жасау және денесін репатриациялауды ұйымдастыруды қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық жәрдем көрсетті, деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігі.

Марқұмның денесі 17 маусымда Қазақстанға жеткізілді. Репатриацияға жұмыс беруші мен серіктес ұйымдар қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл мәселе Бас консулдықтың бақылауында.

БАҚ мәліметінше, қазақстандық бойжеткен Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп, қонақүйлердің бірінде жұмыс істеген.