Қазақстандық альпинист, музыкант, театр әртісі Әлібек Қайырбек Памир тау жүйесіндегі биіктігі 6148 метр болатын Раздельная шыңына Қазақстан Конституциясы мен қазақтың домбырасын алып шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Конституциялық соттың хабарлауынша, бұл экспедиция "Әлем шыңдарындағы домбыра" халықаралық мәдени-патриоттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Раздельная шыңында Әлібек Қайырбек домбырамен қазақ күйлерін орындап, Қазақстанның қолданыстағы Конституциясын көтерді.
Халықаралық экспедициялар барысында ол әртүрлі мемлекеттерден келген альпинистерге Қазақстанның тарихы, мәдениеті, мемлекеттік рәміздері және еліміздің Ата Заңы туралы айтып таныстырады.
Жоба аясында Әлібек Қайырбек Еуропа, Африка, Гималай, Тянь-Шань және Памирдің ең биік шыңдарына көтеріліп, қазақтың күй өнерін әлемге танытып келеді, - делінген сот хабарламасында.
2025 жылы Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай Әлібек Қайырбек тарихта тұңғыш рет Конституцияны Гималайдағы Айленд-Пик шыңына алып шыққан болатын.
Ал 2026 жылы ол осы патриоттық дәстүрді жалғастырып, Қазақстанның қолданыстағы Конституциясын Памир шыңына көтерді.
Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы 1 шілдеде күшіне енді.
