Минскіде өтіп жатқан көрмеге Қазақстаннан машина жасау, цифрландыру, тау-кен металлургиясы, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларынан 20 компания қатысып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Көрмеде экспорттық әлеуеті жоғары жаңа әзірлемелер таныстырылды. Олардың қатарында теміржол дөңгелек жұптары мен 1520 мм жолтабанға арналған жаңа S-тәрізді дискілер бар.

Қазақстандық тұрмыстық техника өндірушісі Almaty Turmystyq Tehnika Zavody 2025 жылы 55 мың бірлік өнім шығарды. Компания 2026 жылдың соңына дейін өндіріс көлемін 100-110 мың бірлікке жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол ТМД нарығына шығуды көздеп отыр.

KSP Steel тұтас құбырлар өндірісі мен экспортын кеңейтіп жатыр. Компания АҚШ-қа жалпы құны 93 млн доллардан асатын келісімшарттар жасасқан. Қазір өнім Канадаға, Мысырға және Орталық Азия елдеріне де экспортталады.

Qazaq Investment Company Қазақстанда компьютерлік техникаға арналған платаларды өндірудің толық циклін іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңа өндірісте серверлер, аналық платалар және жинақтауыштар шығарылады. Кейін платаларға жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланған.

Қазақстандық TrustExam.ai стартапының қашықтан аттестаттау жүйесі Ресей, Канада, Үндістан және АҚШ-та қолданылады. «Газпромнефтьпен» жасалған келісім аясында компанияның шамамен 100 қызметкері осы жүйе арқылы аттестаттаудан өткен.