Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің айтуынша, әуежайлар, вокзалдар, сумен қамтитын ірі құрылғылар, өндірістер, кәсіпорындар, темір мен автожолдарды жоғары қарқынмен салу қажет. Себебі ақшаның құны уақыт өте келе төмендей береді.
«Қаражат деген уақытша дүние. Оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр. Ал оны тиімді пайдалану – бұл нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат ету, қалдыру деген сөз», - деді Тоқаев парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайтынын да ерекше атап өтті. «Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», - деп түйіндеді президент.
