2026 жылдың басында Қазақстандағы жастар саны 5,89 млн адамға жетіп, бір жылда 69,4 мың адамға немесе 1,2%-ға артты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Energyprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жастардың жалпы халық санындағы үлесі өзгерген жоқ – 28,7%. Жас ерлердің саны 3,01 млн адамды құрады, бұл 2025 жылдың басындағы көрсеткіштен 38,6 мың адамға немесе 1,3%-ға көп. Олардың еліміздегі барлық ерлер арасындағы үлесі 30% деңгейінде сақталды.
Жас әйелдердің саны 30,8 мың адамға немесе 1,1%-ға артып, 2,88 млн адамға жетті. Олардың елдегі барлық әйелдер арасындағы үлесі де өзгеріссіз қалды – 27,5%.
Қала және ауыл жастары
Қалада тұратын жастардың саны бір жылда 91,4 мың адамға немесе 2,5%-ға артып, 3,76 млн адамға жетті. Олардың қала халқының жалпы санындағы үлесі 28,7% деңгейінде қалды. Ал ауылдық жерлерде, керісінше, жастар саны 22 мың адамға немесе 1%-ға азайып, 2,13 млн адамды құрады.
Тұрғын үй бағдарламалары
Қазақстанда жастар үшін аса маңызды мәселелердің бірі – баспана, сондықтан Отбасы банк жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында "Жас отбасы", "Жас ғалымдарға арналған бағдарлама", "Дипломмен – ауылға" және өңірлік жастар бағдарламалары бар.
"Алматы жастары" бағдарламасы
Осындай алғашқы бағдарлама "Алматы жастары" болды. 2026 жылы бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына он жыл толады. Осы уақыт ішінде оның ауқымы едәуір кеңейді: алғашқы жылы небәрі 100 адам қарыз алса, 2025 жылы "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 2 276 қарыз берілді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы 8 326 жас алматылық баспаналы болды. Жуырда өтінім қабылдау бойынша кезекті кезең аяқталды.
Сондай-ақ "Атырау қала жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды іріктеу басталады деп жоспарланып отыр.
Өңірлік бағдарламалардың шарттары
Өңірлік бағдарламалардың шарттары қарапайым: бастапқы жарна 10%-дан, кредит мөлшерлемесі 5%-дан (СЖТМ — 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) басталады. Бастапқы және қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады.
Жастарға арналған бағдарламалар Қазақстанның барлық өңірін қамтиды (Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарынан басқа). Осы бағдарламалардың арқасында 12 480 жас отбасы баспанамен қамтылды. Тек 2025 жылдың өзінде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары бойынша 3 605 қарыз берілді.
Осы және басқа да бағдарламалардың арқасында 35 жасқа дейінгі 283,4 мың адам өз баспанасына қол жеткізді.
Жастар үлесі жоғары өңірлер
2026 жылдың басында халық құрамындағы жастардың ең жоғары үлесі Шымкентте (31,6%), Астанада (31,5%), Түркістан облысында (31,4%) және Алматыда (31,1%) тіркелді.
Облыстар арасында Маңғыстауда (29,8%), Қызылордада (29,5%), Атырау және Жамбылда (әрқайсысында 29,4%) жастардың үлесі жоғары болды. Ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан (23,4%), Солтүстік Қазақстан (24,4%) және Абай (24,8%) облыстарында тіркелді.
