Қазақстандағы болашақ полиэтилен зауытының құрылыс алаңында ең ірі бағана орнатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының хабарлауынша, биіктігі 101,8 метр, диаметрі 7,5 метр этиленді фракциялау бағанасы орнатылды. Барлық жиынтықты қосқандағы салмағы 1,8 мың тоннадан асады.

Жабдық Қазақстанда "АтырауНефтеМаш" зауытында жасалды. Бағана пиролиз қондырғысының технологиялық процесіндегі негізгі элементтердің бірі және полиэтилен өндіруге қажетті негізгі шикізат – этиленді бөліп алуға арналған.

"Күрделі инженерлік операцияны орындау үшін құрылыс алаңында 4 000 тонна жүк көтеруге қауқарлы шынжыр табанды кран құрастырылды. Бұл – әлемдегі осы санаттағы ең ірі крандардың бірі", – дейді компанияда.

Монтаж жұмысы шамамен бес сағатқа созылды, жүк негізгі шынжыр табанды кран мен 1 700 тонна қосалқы кранның көмегімен бірнеше кезеңде орнатылды. Алғашында бағана көлденең күйінде шамамен үш метр биіктікке көтерілді. Қажетті дайындық және бақылау жұмыстары жүргізілгеннен кейін жабдық көлденең күйден тік қалыпқа көтеріліп, іргетасқа орнатылып, бекітілді.

"Алдағы уақытта 4 000 тонналық шынжыр табанды кран пиролиз қондырғысының тағы бір аса ірі габаритті жабдығы – салмағы шамамен 700 тонна, биіктігі 50 метрден астам және диаметрі шамамен 10 метр болатын суыту бағанасын монтаждау үшін пайдаланылатын болады", – деп хабарлады "ҚазМұнайГаз". Бұл жабдық та Қазақстан зауытында жасалған.

Құрылыс алаңына шамамен 5 000 адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Пиролиз, полимерлеу және жалпы зауыттық шаруашылық нысандарында жұмыстар жалғасып жатыр.