Қазақстанда 2018 жылы 13 маусымда «Домбыра күні» мерекесін белгілеу туралы ресми шешім қабылданды. Сол жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісі «Домбыра» күні аталып өтеді. Биыл мерекелік күн 5 шілдеге тура келіп тұр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Атыраудағы «Абдолла домбырасы»

Атырау облысы Индер ауданында өңірдің мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған жаңа нысан – «Абдолла домбырасы» монументі пайдалануға берілді. Монумент Индербор кентіндегі «Арбат» демалыс саябағында орнатылған. Жаңа мәдени нысан қазақтың көрнекті күйші-композиторы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Индер ауданының тумасы Абдолла Мусағалиевтің есімін ұлықтау мақсатында бой көтерді. Металл конструкциядан жасалған монументтің жалпы ұзындығы 7,5 метр. Монументке Абдолла Мусағалиевтің есімімен қатар, 1958 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан индерлік өнерпаздардың есімдері де қашалып жазылған.

Абай облысындағы домбыра ескерткіші

2018 жылы шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланған жылы Абай облысында домбыраға ескерткіш орнатылды. Мүсін Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылы Достық көшесі бойына орталықта орналасқан, биіктігі 7 метр. Емен ағаштың ортасын жарып шыққан домбыра, ескерткіштің авторы - Нұрбол Қалиев.