Қазақстанда мемлекет баспана бағасының өсуіне араласпайды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, баға нарықтық механизмдер арқылы қалыптасады, ал мемлекет тек әлеуметтік осал топтардағы кезекте тұрғандар үшін сатып алынатын тұрғын үйдің құнын реттейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, вице-министр жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін кейбір құрылыс компаниялары бағаны 30%-ға көтергенін атап өтті. Алайда Қажкенов мемлекеттің баға саясатына әсер етпейтінін, өйткені баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты екенін түсіндірді.

«Мемлекет бұл бағаларды реттемейді, бәрі сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Егер нарықта біреу келіп, осы баға бойынша тұрғын үйді сатып алуға дайын болса, бұл оның сатып алу қабілетіне байланысты. Мемлекет мұнда жалдамалы және несиелік тұрғын үйді нақты реттейді. Бүгінгі таңда бізде әлеуметтік осал топтардан шамамен 900 мың кезекші бар. Мен де осы сайттарды бақылаймын. Кейбір аймақтарда, керісінше, бағаның төмендеуі байқалады, өйткені жағдай сұраныс пен ұсынысқа байланысты», – деді вице-министр.

Қажкеновтың айтуынша, мемлекеттің тұрғын үй құрылысының құнын есептеудің өзіндік әдістемесі бар, ол әрбір конструктивті элементтің бағасын ескереді. Алайда бұл әдістеме тек кезекшілер үшін құрылыс компанияларынан пәтерлер сатып алу кезінде қолданылады.

Өткен жылы жалдамалы тұрғын үй құрылысына 219 млрд теңге бөлінсе, биыл қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, кезекшілерге жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелік тұрғын үйге 155 млрд теңге бағыттау жоспарланған, бұл өткен жылғы 140 млрд теңгеден көп.

«Әлеуметтік осал топтардағы кезекшілерге берілетін тұрғын үй нарықтық бағамен емес, өзекті есептеулер бойынша сатып алынуы үшін бізде ірілендірілген сметалық нормалар бар. Осы сметалар аясында біз баға саясатын қалыптастырамыз. Ең бастысы – мемлекет қазір өзі тұрғын үй салмайды. Біз оны сіздер айтып отырған, бағаны 20-30%-ға көтерген жеке құрылыс компанияларынан сатып аламыз», – деді Қажкенов.

Вице-министрдің сөзінше, мемлекет тұрғын үй нарығына шығып, бекітілген сметалық нормативтер бойынша пәтерлерді сатып алады. Кейде жаңа үйдегі пәтерлердің жартысы ғана кезекшілерге сатып алынады, ал қалған пәтерлерді құрылыс компаниясы нарықта сатады.

Бұған дейін құрылыс саласындағы сарапшы Диляра Сейітнұрова құрылыс компаниялары үшін ҚҚС енгізу баспана бағасын көтеретінін атап өткен болатын. Сарапшының есептеуінше, Алматыдағы жаңа ғимараттардағы салық жүктемесі шаршы метрге 144-160 мың теңгені немесе құнының шамамен 20%-ын құрады.