Қазақстанда аномальды ыстықтан республикалық маңызы бар трассаларда асфальт бұзыла бастады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жетінші арнаның мәліметінше, жоғары температурадан жол төсемі көтеріліп, ери бастаған. Әсіресе, бұл мәселе Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында өткір тұр. Онда цемент-бетон жабындары деформацияланған: плиталар көтеріліп, екі жаққа жайылып, жүргізушілерге қауіп төндірген.
«Павлодар — Астана трассасының 1355-ші километрінде температураның күрт көтерілуінен бетон жабыны көтерілді. Қазір зақымдалған учаске толығымен қалпына келтірілді. Көлік қозғалысы шектеусіз жүзеге асырылуда», — деді жөндеу бригадасының инженері Сержан Қызылбаев.
Осыған ұқсас жағдай Шымкент — Өзбекстан шекарасы трассасында да болды. 712-ші километрде мамандар жол төсемінің зақымдануын анықтап, оны жедел түрде жойды.
Сарапшылардың айтуынша, 40 градустық ыстықта бетон қатты кеңейеді және автомобильдердің жүктемесінен жабында жарықтар мен деформациялар пайда болуы мүмкін. Әсіресе ыстық күндері мұндай жағдайлар елдің бірнеше аймағында, сегіз жол учаскесінде тіркелген.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, қазір елдегі жолдар тұрақты бақылауда. «Жөнделген учаскелерде анықталған, кепілдік мерзімі өтпеген барлық ақаулар мердігер ұйымдармен өз қаражаты есебінен жойылады. Бұл жұмыстарға қосымша бюджет қаражаты жұмсалмайды», — деп атап өтті «ҰК «ҚазАвтоЖол» АҚ пайдалану департаментінің инженері Баймұхан Нұрсұлтан.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстанда ғана емес, ыстық климаты бар басқа елдерде де байқалады. Бұған дейін «Курсив» «ҚазАвтоЖол» ыстықтан трассалардағы ақауларды шұғыл түрде жойғанын жазған болатын.
