Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариаттық куәландыру тәртібі өзгерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа өзгерістер 8 қыркүйектен бастап күшіне енді. Енді сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге байланысты, мемлекеттік тіркеуге жататын өзге де мәмілелер мүлік орналасқан жердегі нотариуспен куәландырылады.
Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланған хабарламада: "Енгізілген өзгерістер, ең алдымен, жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді ресімдеу үдерісін ретке келтіруге және жүйелеуге бағытталған", - делінген.
Жаңа тәртіп жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттырып, алаяқтық схемалардың тәуекелдерін де төмендетеді.
Министрлік мамандарының айтуынша, аумақтық қағидат азаматтардың өз мүлкіне басқа өңірде жүріп билік ету құқығын шектемейді. Егер меншік иесінің жылжымайтын мүлік орналасқан жерге жеке өзі келу мүмкіндігі болмаса, ол өз атынан қажетті әрекеттерді жүзеге асыратын өкіліне сенімхат рәсімдеуге құқылы.
Осылайша, азаматтар басқа қалада немесе өңірде бола отырып, жылжымайтын мүлікті сенім білдірілген тұлғалар арқылы бұрынғыдай сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға немесе кепілге қоюға құқылы.
Жаңа талап тек жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге ғана қолданылады және өзге нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібіне әсер етпейді.
